Қадірменді халайық, гүл сүйер оқырман қауым!
Көгалдандыруды, гүл мәдениетін насихаттайтын Қазақстандағы қазақ тіліндегі жалғыз басылым – «Гүлстан» журналы 2005 жылдың наурыз айынан бастап жарық көріп келеді. Осы уақыт аралығында журналдың көгалдандыру саласына сіңірген еңбегі зор. Журнал негізінен республикадағы көптеген білім ошақтарының ұстаздарымен, оқушылармен, балабақшалармен тығыз байланыста жасыл желек өсіру, оны күтіп – баптау, гүл мәдениетін дамыту, ландшафтық дизайн, табиғатты қорғау және экологиялық бағытта жұмыс жасауда. «Гүлстан» журналы жылына бірнеше мәрте тұрақты түрде гүл мәдениетін насихаттап, халықтың көгалдандыру саласындағы сауатын арттыру, табиғатты қорғау және зкологиялық проблемалардың алдын алу, мемлекетіміздің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу мақсатында түрлі шаралар өткізіп отырады.
Табиғатқа көңіл бөліп, өсімдіктер мен гүл атауларының қазақша баламаларын үйреніп, пайдалы, әрі қызықты кеңестермен танысып, ақындар арнаған жыр-дастандарды оқып, қайырымды істер мен халыққа үгіт-насихат жасап, гүл әлемімен таныстыратын экскурсияларға, тәжірбиелік сабақтар мен қоғамдық шараларға қатысамын десеңіздер «ГҮЛСТАНҒА» қош келдіңіздер!








